Қайсар Дүйсенбай: Көк бөрінің күшігі намыстырақ!

Қайсар Дүйсенбай. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылының тумасы. ҚарМУ филология факультетінің IV курс студенті. Бірнеше өлеңдері 2016 ж «Қара Ағаш» республикалық жастар жыр жинағына енген. Бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. 2017 облыстық «Шын асыл сөз…» шешендік байқауының бас жүлде иегері.

Өлеңдерінен ауылдың иісі аңқып тұратын Қайсардың ендігі бағасын өлеңіне үңіліп, оқырман өзі берсін.

 

Көктің ұлы

Тəңір мені жаратты қылып түрік
Көк бөрімін салса да қырық құрық
Мен — қазақпын,қайсармын қаһарлансам
Жарық айға сыр айтам ұлып тұрып

Мен — қазақпын бөрінің ұрпағымын
Бойға жыйған бабадан мың тағылым
Ар алдында ақпын мен, жолатпаймын
Көлеміндей надандық бір тарының

Болашағым бұлдырлау, анық қайғым
Жағдайымды жүр қазір жарытпай мұң
Кешегі батыр бабаның ұқпақтарының
Кеудеде намыс бойында қалып па айбын

Жүректерге жетер ме жан дауысым
Азғындалып жатыр-ау ар-намысың
Көк Тəңірдің ұлдары көтер басты
Мазақ болып қазағың қалмауы үшін

Біреулерге салсаңыз «барыс» қылад(ы)
Бөрі менен барысты алыстырад(ы)
Бөрілікті сақтап қал барысыңнан
Көк бөрінің күшігі намыстырақ

Тəңір маған сай көрсе сырттан ғұмыр
Жөнге салып алар ем» жұрттарды» бір
Көптің бірі етпеген Көк Тəңірім.
Ғұмырды ит боп сүруден құтқарды жыр

Мен кешпеген күй бар ма?!
Мен шекпеген мұң бар ма?!
Өлең жазу-МЫҚТЫЛЫҚ
Өмір деген зынданда.

Ақын болған- айыбым.,
Бəрі ақылды заманда.
Қара өлеңнің құны не?
Руханиятсыз адамға

Бəрін айтты керектің…
Зарын айтты қоғамның…
Есіне алды елеп кім?
Алғыс алды одан кім?

Аз қадірін молайту
Мақтау емес көпіріп
(Мақтау сүймен деп айту
Барып тұрған -ӨТІРІК!)

Ойлы адамға баз бəрі…
Кетсе қадір,кеміп хал
Өлмес өлең жаз дағы
Өзің бар да өліп қал

Ауыл

Артық көріп ауылдан қалашығын
Аса қатты ұнатпас жұрттың бəрі
Қарапайым ауылдың баласымын
Ауызынан кетпеген құрттың дəмі

Байлауымен келісіп балалықтың
Туған жердің қадірін шала ұқтым
Алақандай ауылым анасы екен
Дүниеге келетін бар алыптың

Қорқақ деген бір сөзге намыстанып
Аула ішінде кімдермен алыспадық
Қу тірлік қамы үшін күресем деп
Арман қуып ауылдан алыстадық

Қала шіркін қатаңдау алып майдан
Тастан зəулім сарайлар салып қойған
Тас қалаға жетпейтін бар мейірім
Ауылдағы анаммен қалып қойған

Келген сарқыт ауылдан салды есіме
Қу тірліктің түсіппін əуресіне
Баққан малы Əкемнің еккен бағы
Сонда екен бақ-ырыс, бар несібе

Бой түзеді батаңмен бағамды ұлың
Көп тірлікке жетеді шамам бүгін
Сұрай алмай жүрміз-ау бірақ қазір
Ауылдағы ел-жұрттың амандығын

Қала шіркін қатаңдау алып майдан
Тастан зəулім сарайлар салып қойған
Адамдары ауылдан көшкенімен
Адамдығы ауылда қалып қойған

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *