Еламан Қабділәшімнің «Өмірқосы»

Қасым атындағы сайт редакциясының «Qasym.kz» сериясы бары белгілі. Бұл сериядан Аян Мейраш, Арман Шеризат, Айбол Исламғали, Нұртас Тұрғанбек, Еркебұлан Елеусіз сынды жас ақындардың тырнақалды туындылары тізбектелген «тұңғыштары» жарық көргенін тағы білесіздер. Жақсы бастама жалғасын тапты. Күні кеше ғана аталмыш серия алтыншы жыр кітабімен толықты. Ол – бүгінде, «Баянтау өңірі» газетінің бас редакторы Еламан Қабділәшімнің «Өмірқосы».

Қарағанды «Болашақ-Баспасынан» 500 данамен жарық көрген «Өмірқос» Баянауылға апарылып, таныстырылымы өткізілді. Жас дарындарды барынша қолдап, ағалық ақылын қосып, бағыт, бағдар беріп жүрген Нұрлан Орынбасарұлына Баянауылдың алғыс, тілектерін арқалап қайттық.

Сұлтан Мұстафин

Баянауылдық жас ақын Еламан Қабділәшімнің жүрегінде поэзияға деген ғашықтық, адалдық сезімдері ұялағаны сезіледі. Ол қазіргі кезде «басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып» өзінің ақындық «Менін» іздеп жүрген секілді. Тынымсыз ізденіс үстіндегі ақын түбі шеберлікке де жетеді.
«…Сен тарту етші сезімді балдай,
Алдында ешкімнің төмендемейін.
Қарашы маған көзіңді алмай,
Қарашығынан өлең көрейін…», — деген жолдарда өзінің сүйген қызының қарашығынан да өлең оқығысы келетін ақынның поэзияға деген ақадал көңілі, іңкәр сезімі мөлдіреп тұрғандай.
«…Жүрегімді нәзік гүлге телідім.
Мен де өтермін, түстей болып сері күн,
Қайталамай ешкімнің де өлеңін,
Қайталамай ешкімнің де өлімін…», — дейді ол «Өлеңбаянында». Қалай десек те, ол өлең өлкесіне өз үнімен енген жас дарын. Еламанға қызығынан гөрі қиындығы басымдау сапарда айың оңыңнан туып, өз жолыңды таба біл деген игі тілегімді білдіремін.

Арман ҚАНИ,
ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *