ҰЛЫ ДАЛАДА ЗАҢДАРЫ („Ұлы даланың жеті қыры“ мақаласына орай)

Табиғаттың да кемел шағы бар. Жердің беті сары түске малынып, ақселеу басын көтере алмай, шашын жайып жіберіп жерге иіле түсетін кезі; дала қырының өзіне ғана тән иісі танауды қытықтап, мұрын жарып тұратын шағы. Осындай сары тонын жамылған сары күзді — алтын дейміз. Өйткені күз – кемелділік келбеті, ал кемелдік қашан да асыл дүниедей қымбат болатыны кәдік. Елдің де сондай кемеліне келетін толымды шағы болады. Мұны ресмилеп айтқанда – жан-жақты жетілген өркениетті ел болу кезеңі. Бұл жерде табиғатты елге, қоғамға қатыстырып, салыстырмалы түрде бейнелеп айтып отырғанымыз тегін емес – ұлтымыздың ғасырлар бойына қолдан жасаған рухани құндылықтарын жинайтын кездің келгені. Елбасы „Ұлы даланың жеті қыры“ мақаласында алдымен осыны айтып өтеді. Уақыт пен кеңістіктегі ғасырлар иінінде жасалған, бірізді жүйеге түспей шашылып жатқан ұлттық құндылықтарымызды дәлел-дәйекпен түгендейтін мезгіл жетіпті. «Бүгіннен алыс жоқ, ертеңнен жақын жоқ» демей ме ділмәр халқымыз.
Ұлы даламызда кешегi көшпелi қоғамның тұрмыс-тiршiлiгiнен туындаған, туған халқымыздың төлтума рухани-моральдық жүйесiне, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпына сүйенген, өзiне ғана тән әдiлдiк категориялардың орнығуына негiздеген ереже, қағидалаларды бекiткен заң институттарымыз талассыз үстемдік құрған еді. Тек керектi дәрежеде жан-жақты қарастырылып, түбегейлi зерттелмегендiктен, олардың талай ойларға өзек болар көптеген көркем қабаттары әлi де болса ашылмай жатыр. Әсілі, еліміздің құқық тарихын сөз еткенде, оның туған топырақтағы шығу төркіндеріне, бастау бұлақтарына тоқталып өтпеуге болмайды. Құқық, заң, тәртіп ұғымдары осының қатарында. Бұл ұғымдар біздің топырақта жоқ жерде пайда болған жоқ. Бұлар да даму эволюциясын бастан өткерді. Құқықтық ұғымның түпкі негізі ырым-тыйымдарда жатыр. Оның бастау көзі – ес кіріп, етек жапқан – „ақылды адам“ – хомосапиенсте, одан бері ол отқа табыну культі белең алған дәуірге барып тіреледі. Құқық қоғамдық ұстанымдарға қарсы әрекеттің әсерінен туындайды. (Классикалық анықтамаға жүгінсек – жалпыға міндетті заң нормаларының жүйесі). Дәлірек айтқанда, Ұлы дала заңдарының түпкі негіздері әдет-ғұрып заңдарымен тікелей астасып жатыр.
Осы орайда академик С.Зиманов қазақтың әдет-ғұрып құқығын арнайы мәдени құбылыс ретiнде қарайтынын айта келе: «Көшпелiлер V–VI ғасырларда Украина мен Ресей жерлерi арқылы өте отырып, Еуропаға етiк пен крестi жеткiздi. Еуразия кеңiстiгi өзiндiк ерекшелiгi бар, өзiн тұтастай сақтап қалған кеңiстiк. Бұл кеңiстiкте өзiндiк бiр «реттеу жүйесi» қалыптасқан. Яғни, онда өзiн-өзi реттеп отыратын арнайы нормативтi құқықтық жүйе болды. Бұл әдет құқығы жүйесi Шығыс Рим құқықтық реттеу жүйесiне жақын. Әдет құқығы билер сотына көп көңiл бөлдi. Ол берiк жүйелердiң бiрi едi» — дейді. Ал бұл сөз: «Зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды» дейтін Елбасының „Ұла даланың жеті қырында“ айтылатын мақаласымен үндес жатыр.
Бұл жүйе уақыт ағысына iлесе алмады. Өкiнiшке орай кеңестік кезеңде ұлттық әдет-ғұрыптың өзi, билердің өнері сияқты, таптық тұрғыдан бағаланып, ескiлiктiң сарқыншағы ретiнде өмiрден аластатылғаны белгілі. Десек те, әдет құқығының қайта жаңғыруының мүмкiндiгi бүгiнгi күннiң шындығымен астасады. Мұның нақты мысалының бiрi — республикамыздың барлық аймақтарында дерлiк, ауылдарда да, қалаларда да «ақсақалдар алқасының», «билер кеңесiнiң» қайта жандана бастағандығы. Бұл үдеріс, дағдыланғанымыздай, жоғарыдан берiлген нұсқаумен емес, өзінен-өзi әлеуметтiк сұраныс нәтижесiнде өмiрге келгендiгi.
Сөз жоқ, әдет заңдары – халқымыздың көп ғасырлық құқықтық танымын аса бір айқындылықпен сипатталатын мұрасы екені даусыз. Әдет заңдары дегеніміз – қазақтың дәстүрлі құқығы. Белгілі заңгер С.Ахмет: „Әдет“ сөзі кәдуілгі құқыққа негіз бола тұрғанымен де, оның дәл мәніне “заң“ сөзі толығырақ сай келеді“ дейді. Біз жоғарыда айтқан эволюциялық даму дейтініміз осы. Тыйым — жақсы әдетке, жақсы әдет — әдепке, әдеп — дәстүрге, дәстүр — әдет-ғұрыпқа, әдет-ғұрып — салт-санаға айналып, құқық, заң болып қалыптасып, өмірлік қолданысқа айналған.
Әдет заңдары адамның тағдырын шешер дау-дамайда қолданатын көңілі — даңғыл, санасы — сара, тілге — жүйрік би-шешендердің бірден бір кәсіби құралына айналған. Даушылар әрекеті, оқыс, шырғалаң оқиғалар түйінін құқықтық тұрғыда шешуде тіл өнерін кемел пайдаланған би-шешендердің қоғамдағы орны мен маңызы өте зор болғаны анық. Олардың кесім-биліктерінің, қазіргі тілмен айтқанда, құқықтық заң деңгейіне көтерілу төркіні осында жатса керек. Сол кездегі тегеуіріндіден тепкі жеп, тақым бұраған күштіден тар қыспақ көрген, әділет іздеп, төрелік сұраушылардың жүгінері мен сүйенері  сот орындарының міндетін атқарған билер-тін. Олар «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы негізге алып, қара қылды қақ жара білді. Ұланғайыр Ұлы далада заңның үстемдік құрғаны ешқандай талас тудырмайтын тарихи шындықтың айғағы бұл. Күні кеше өткен абыз жазушы Әбiш Кекiлбаевтың: «Шырғалаңы мен шытырманы көп қыр тiршiлiгiнде қырық құйқылжыған қырқылжың дауларда бiр пәтуаға тұрақтау барымтаға барып қайтқаннан әлдеқайда қиын шаруа. Оған да тiлдiң ебiмен қоса жүректiң тәуекелi керек-тi» — дейтiн байламы даукесi көп далиған даланың дауын шешу әуел бастан-ақ осал өнер болмағанның куәсі.
Көне көз кәрі тарихтың ілкідегі ірі тұлғалары Анақарыс, Күн билер далалық сот жүйесінің іргесін қалап, далалық сотты синкретті өнер дәрежесіне көтеріп, әрқайсысы соның қадау-қадау алтын діңгектері болған – түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би, одан кейінгі Сыпыра, Кетбұғы сынды елтұтқа атанған тұлғалар төлтума ұлттық құқықтың алдыңғы бастау-тұмасын, тұмалы-тұнбасын ашса, аузын айға білеп, тауып айтатын Төле, қазып айтатын Қазыбек, жарып айтатын Әйтеке билер заңмен билік құру өнерін шырқау шыңына шығарып, өздері құқық кеңістігінің жарқырай жарқыл атқан айтулы жұлдыздарына айнала білді. Олардың дана көңілі мен күміс көмейден секіріп шыққан серке сөздей кесім-билiк турасындағы айтқан өткір сөз иірімдері бүкілхалықтық қолданысқа ие болып, мақал-мәтелдерге айналып жүре берді. «Би айтқанды құл айтады, құл аузының дауасы жоқ», «Кесiмдi малға өсiм бар», «Ерден елтерi даулап алсаң да теңдiк», «Арлы арына қараса, арсыз жеңдiм дейдi», «Өзi жаман туған шешесiнен көредi, Дау айта бiлмеген төрешiден көредi», «Жаманның сөзiн сөйлеме, жалғыздың дауын даулама», «Би екеу болса, дау төртеу болады», «Ақта қара жоқ, қараға шара жоқ», «Жорғаң қатты болса, төске сал, iсiң ақ болса, көпке сал», «Iсiң ақ болса, тәңiрiң жақ», «Бiр нақақты күйдiргеннен, он қылмыстыны ағартқан артық», «Жазалы ұрының бiр бетi қара, жазалы айғақтың екi бетi қара», «У iшкен бiр өледi, ант iшкен мың өледi» дейтін қанатты сөздер осының нақты дәлелі. Адам тағдарын шешердегі уәлі ауыздан төгіліп түскен бұл пайымдар кесімді, шешімді үкімнің өлшем-белгісі дүр.
Қашан да аламан тартысты дау-шары бітпеген, тентегі мен телісі арасында даукесі көп болған даламыздың заңдарына – Түркi қағанаттары (VI-ҮІІІ ғ.), Шыңғыс хан бекiткен (1206 ж.) әдет, құқық, әскери тәртiп жүйелерi, Ақсақ Темiрдiң дәстүр мен ғұрып негiздерiнде жасалған (Түзiк) заңдары жатады. Осылардан арна тартып жататын Қазақ Ордасының төл заңы – «Жетi жарғы» бар. Көп уақыт бойы ата билігінің негізгі жосықтары осылармен өлшенді. Одан кейiнгiлері орысқа бодан болған кезеңдерге дөп келеді, хатталғандардан белгiлiсi – „Сібір қазақтарын басқару ережесі“ (1822ж.) және «Орынбор қазақтарын басқару ережесі» (1824ж.). Мұндағы Сібір қазақтары деп отырғаны – орта жүз, Орынбор қазақтары деп отырғаны – кіші жүз еді. Бiрақ бұлар қазақ елiн әлсiрету, орыстың отаршылдық үстемдiгiн орнату мақсатында ғана жасалған өзгерiстер-тін. Бұл өзгерiстер 1867–1868 жылдары басқару реформаларында көрiнiс тапты. Ал ол саясаттың негізі көп жыл ойластырылып барып 1867 жылы қабылданған Жаңа Низам ережесі болатын. Аталмыш Ережеде патша үкіметі қазақ жеріне болыстық билеу жүйесін ендірді. Өйткені онда бодан ел болған соң патша билігіне бағындыру көзделеді. Тек бір кілтипаны, болыстық билеу жүйесінде рулық-әулеттік басқару және территориялық-аумақтық басқару жүйесі бар еді. Қазақ билері осы рулық-әулеттік басқаруды қалады. Осы жүйе қазақ жеріне енгізілсе, әулеттік тұтастықта өмір сүріп үйренген ел тыныш болады деп түсінді. Расында солай еді. Бір рулы елді бір болыс басқарады. Сол рудың ақсақалдары ұсынған адам ғана сайлауға түседі. Ең бастысы, тыныш отырған ел алатайдай бүлінбейді, таласып даурықпайды. Бірақ патша үкіметі территориялық-аумақтық басқару тәсілін қолданды. Неге? Өйткені оларға қазақты ыдыратып жіберу керек болатын. Түпкі мақсат сол еді. Бірінші рет осы территориялық-аумақтық басқару жүйесін Сырдария генерал-губернаторы Николай Гродеков енгізді деген дерек бар. Бұл жайтты абайтанушы Мекемтас аға Мырзахметов былайша төгілдіріп айтады: «Түлкібас ауданында Майлыкент деген болыстық құрылады. Тәжірибе жүзінде. Эксперимент ретінде. Олар болыстыққа 12 рудан тұратын 12 ауылды таңдап алады. Құли, Шылмамбет, Қоралас, Сіргелі, Жаныс секілді жеке-жеке руларды біріктіріп, бір болыс жасайды. Сосын осы рулардың арасынан болысты өздерің дауыс беріп сайлап алыңдар дейді. Алғашқы жылы халық билікке, облыстыққа онша таласа қоймайды. Ал келесі сайлауда қатты дау болады. Патша саясаткерлерінің де көздегені осы еді. Мүдделері – қазақтарды өз ішіне сыймастай етіп, бірін-біріне айдап салу. Қазақтарды қырықпышақ қылып қойып сырттан бақылап отыру, ал төрелікті өздері айту» дейді білімдар ғалым.
Әйтсе де ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей империясының отарлау саясатының жолында қазақ жерінің тұтастығына негіз болған билердің соттық жүйесі, әдет-ғұрып құқығы мен „жарғы“ заңдар жүйесі үлкен кедергі болған. Сол себепті де патшалық үкімет бұратана халықты еркін билеу мақсатында әкімшілік-аумақтық реформалар мен басқару жүйесіндегі өзгеріс ретінде далалық халық судьяларының билер съезін құрған. Бұл жайт билер билігін ұйымдастыру, қалыптасу және қызмет атқару жағынан күрделі өзгерістерге ұшыратты.
Осылардан кейінгі бір белгілісі – сол кезеңдегі ахуалға байланысты туындаған ұлы ақынымыз Абай жазды дейтін Ереже (ХIХ ғ.). Бұл заңдық құжат – 1885 жылы мамыр айында Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері мен құрметті адамдарының съезінде қабылданып бекітілген 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын нұсқа. Оны ұлықтың алдына ұлықсатсыз кіретін ерен тұлға Абай патша үкіметі өкілдерінің қолқалауымен жасады дейтін сөз бар. Мұндағы баптар далалық тірлікке, таным-түсінікке, салт-санаға байланысты қамтылып, шешімін тапқан.
Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы жайында хат» деген еңбегiнде билердің билігі алғаш рет ғылыми түрде салыстырмалы теориялық талдауға түсiп, оның құрылымдық және сот жүргiзу үдерісінің басты қағидаттары ашылып айқындалды. Ш.Уәлиханов қазақ даласында билер сотын қалдыруға талпынып, оны қандай да болмасын басқа органмен алмастыру мүмкiн еместiгiн айтып, Батыс Сiбiр әкiмшiлiгiне хат жолдаған. Айта кетерлiгi, Абайға телінген Ереже де, Шоқан бабамыздың еңбегі де келiсiп қойғандай ғажап үндестiк танытады. Шоқан: «…мен уезге орыстың қазақ ортасындағы дауларын бiтiру туралы шығарған заңның қазақтың әдет-ғұрпына қайшы келетiнiн айттым» – десе, Абай Ережесінiң 70-бабында: «Қазақтың өз арасындағы болмашы дауларға орыстан яки ноғайдан уәкiлдiк алып кiрiспесiн…» деген сөз де назар аударарлық. Бұл жерде қазақтың әдет, салт, заңын бiлмейтiн басқа ұлт өкiлдерiнiң iстi шеше алмайтындығы айтылып отыр. Демек, Ереже жасаушылар әр ұлттың өзiне лайық заңы болуы керек дегендi нұсқайды.
Ұлы далады азаматық заңдармен қоса діни шариат та қатар дамыды.
«Шариат заңы бойынша («шариат» араб сөзi, мағынасы — заң, кодекс, мұсылмандардың «Құранға» негiзделген заңы) құқық бұзушылық 3 топқа бөлiнедi. Бiрiншi топ — Алла құқығына қол сұғушылық, ол нақты хадд (шек) түрiмен жазаланады. Екiншi топ — жеке адамдардың құқығына қол сұғушылар — қысастық жасаушылар. Олар қауад не дийа түрiмен жазаланады. Үшiншi топқа жататындар — қалған қатаң жаза қолданылмайтын iс-әрекеттер, ол тәзiрмен жазаланады», — дейдi өзiнiң «Шариат» атты зерттеу еңбегiнде белгiлi арабтанушығалым Нұралы Өсеров. Ғалым хадд тобына 7 түрлi аса қауiптi (қоғамды ыдырататын) қылмыстарды жатқызады. Олар: жезөкшелiк, арақ-шарап iшушiлiк, ұрлық, тонаушылық, дәлелденбеген (жалған) өтiрiк, жалақорлық, дiннен безу және өкiметке қарсы көтерiлiс жасау. Екiншi топқа қысастық қылмыстар жатады. Жәбiрленушi жағы iстелiнген қылмысқа (жанға-жан, қанға-қан, көзге-көз секiлдi) орай жаза қолдана алған. өлiм жазасы көбiне таспен ұрып өлтiру, дарға асу, басын шабу т.б. жолдармен орындалған. Ал үшiншi топта отбасыға қатысты iстер қаралған.
Жалпы ислам дiнiнiң, шариат нормаларының да көшпелi қазақтардың заң кодексi болған «Жетi жарғыға» да ықпал еткенi анық. Академик С. Зиманов пен шығыстанушы заңгер ғалым Н.Өсеров бұл жөнiнде былай дейдi: «Кейбiр шариат тәртiптерi әдет-ғұрып нормаларымен астарласып, күшiне бiрте-бiрте ене бастады. Бiз шариат заңдарының өлiм-жiтiмге, құнға, ант беру, дiннен безу, неке және отбасы дәстүрлерiне, сенiм-нанымдарына араласып, әсерi тигенiн айта аламыз».
Шариаттың фикћ iлiмi ерекше назар аударарлық. Н.Өсеров сөзiмен айтсақ: «Фикћ — түсiнiк, бiлiм, ғылым, кейiннен хұқықтану — мұсылмандардың азаматтық тұрмыс-тiршiлiгiне қатысты қағида-ережелер деген ұғымды бiлдiретiн болды. Бұл iлiмдi түрлi дау-дамай, талас-тартысты шешетiн сот, заңгерлер, қазылар өте жақсы игерулерi тиiс. Ертеде қазақ билерi өз халқының әдет-ғұрып нормаларын ғана емес, осы Шариат заңдарын да жетiк бiлген». Мәселен, Абайдың әкесi аға сұлтан Құнанбай ел iшiндегi әңгiмелер бойынша жер мәселесiнде шариат заңдарын шебер пайдаланған. Кейiннен бұл деректердi М.Әуезов әйгiлi «Абай жолы» эпопеясында Қодар төңiрегiндегi сюжет желiсiнде жүзеге асырған. Үкiм, шешiм шығарарда шешендік өнерге сүйенген қазылар даугерлер жағы қисынға тоқтайтын уәждi дәлелдемелер келтiрiп, әдемi тiлмен әспеттеген.
Міне, ұлттық құқықтанудағы болашақ игерілетін игілікті істердің бір парасы осында жатыр. Қазақтың заң ғылымдарының алдында қай бағытта басымдық алып дамуы керек-ті деген көп мәселелердің басы ашық тұр. Әсілінде, негізгі тұғыры – демократияны, яки халық билігін күйттейтін өркениетті елдер, тіпті АҚШ-тың өзі де діннен бөлек емес. Ол жақта Президент халық алдында „Библияға“ қолын қойып ант береді, сот жүйесінде де солай. Неге? Бұл – ақиқатқа деген сенімге дінді тіреу ету, сол арқылы мемлекеттік мұраттарды шешудің бір амалы. Өйткені басты заңға дәуір тынысына қарай толықтырулар мен өзгертулер, түзетулер ене береді, ал Көктен түскен басты кітап өзгермек емес. Мемлекеттің заңдық негізі – Конституция дейміз. Еліміздің Басты заңы, қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттің кескін-келбетін, бағыт-бағдарын, құрылғысы мен құрылымын анықтап, ап-айқын бедерлеп береді. Онда Қазақтан зайырлы мемлекет ретінде танылған. Ал зайырлы қоғамда атеистік түсінікке орын жоқ, болмауға тиіс. Әлемдік, адамдық тұрғыдан келгенде кешегі кеңестік кезеңнен мұра боп қалған атеизмде бабаларымыздың арман-мұраттарына орын табылмаған. Түп негізде сенім, имандылық жатпаса, құқық қорғау секілді конституциялық органдардың ант беру, ар-намыс кодекстерінің қауқары шамалы демекпіз.
Қорыта айтқанда, кешегі зұлматты замандарда, сонымен қатар Елбасының жоғарыдағы мақаласында ескертіп өткендей «еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ». Қазақтың төлтума мемлекеттік жүйенің құрылғылары мен құрылымдары өз жолымен дамымады, әлі күнге уақыт нәшіне жауап беретіндей толыққанды бола алмауда. Бүгінгі күні бабалар жосығына үңілудің, нәрлі бастауға ара-кідік болса да қайта-қайта айналып соғып отырудың, әсіресе қазіргі кезеңде берер тағлымы мен сабағы мол көрінеді бізге. Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осыны мақсат тұтады деп білеміз. Елбасы сөзімен айтсақ: «Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз».

Елеужан Серімов,
Заң ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *