Орысты күшейткен ноғай жылқысы

“Бір күндері өзіме шаба ма деп,
Атамыз ата жауға ат сатпаған”

Қ. Алагөзов

Орта ғасырлық соғыстарда түгел армияның жойылып немесе жеңіп шығуына атты әскер тікелей ықпал еткен. Корольдер мен хандардың әскери қуаты олардың атты әскер санымен өлшенетін. Сонау Үндістанда патшалық құрған Бабырдың өзі Қасым ханымыздың 300 мың атты әскеріне сүйсіне қарағаны тарихтан белгілі.

Бұл уақытта Мәскеу елі әлі де болса көшпенділердің езгісінде өмір сүріп жатты. Жағдайдың қиындығы орыс княздарын жаңа идеялар іздеуге мәжбүрледі. Әскерде реформа жасау III Иванның кезінде мықтап қолға алынды. III Иван әккі саясаткер, мемлекеттегі басты идеолог болды. Оның ойлап тапқан «Үшінші Рим» аңызының өзі неге тұрады, шіркін. Ол өзінің осал тұсын дөп басып тапты. Мүмкін III Иванға осыдан ондаған жыл бұрын Үндістан сапарынан оралған Афанасий Никитин деген көпестің идеясы ой салған болар. Бұл көпес сонау Мәскеудің тоз-тозы шығып жатқан тұста саудагерлікті сылтау етіп Үндістанға жол тартқан адам. Тарихта Васко да Гамадан 25 жыл бұрын Үндістанға табаны тиген тұңғыш еуропалық саналады. Әрине, құрлық арқылы қаншама көпес Үндістан түгілі, Жапонияға барып жататыны таңданатын жай емес. Ең маңызды сол, бұл көпес еліне әлемнің кеңдігі, татарлардан өзге халықтардың бар екенін түсіндірген болатынын. Сонымен бұл адам III Иванға Үндістандағы асыл тұқымды жылқылар жөнінде керемет ақпарат беруі мүмкін деп болжауға болады. Неге?

Себебі Үндістан билеушілер өздерінің жерлерінің жарамсыздығын, қолайсыздығын әлдеқашан мойындап сонау ықылым заманнан Дешті даласынан жылқы тасымалдаған екен. Оның бағасы қанша қымбат болса да6 100 мыңдап жылқы Үндістанға келіп жатты. Себебі Үндістанда жылқы малын өсіру мүмкін емес еді. Табиғаттың шектен тыс ылғалдылығы һәм ыстықтығы жылқы жануарының өсіп өнуіне мүмкіндік бермеді. Міне, осындай соғысқа жарамды қазанаттар кезінде моңғолдардың Үндістанға басып кіруін тойтарып, елді сыртқы жаулардан қорғап қалған еді.

Осындай Үндістандағы тәжірибені III Иван орыс даласында сынап көрген сияқты. Бұл кезде орыс атты әскеріндегі жылқылар әскери парадтарда сәндік үшін мінетін қаз мойынды аттар еді. Ал мұндай аттармен ұзақ уақыт соғыс жүргізу қиындық тудырды. Міне, осындай идеямен уланған князь көрші отырған ноғайлармен жауласудың орнына ынтымақтастық ниет танытты. Жаңбыршы мырзаның жазған хаттары III Иванның көңілін марқайтып, мұның ақыры өзара саудаға ұласты. Мұның алдында ноғайдың таңдаулы жылқылары Қырым мен Осман империясына, оңтүстікте Персияға экспортталып келген еді. Енді Қырым хандары Алтын Орданың мұрагері менмін деп ноғай мырзаларына сес көрсете бастауы Жаңбыршы мен Мұса билерді Мәскеумен одақтасуға мәжбүр етті. Мәскеудің де күткені осы болатын.

Ғасыр басталмай жатып ноғай саудагерлері соғыста төзімді қазанаттар сатумен әйгілі болды. Сол уақытта Сарайшық жақтан шыққан саудагерлер ұзын саны 40 – 50 мың жылқыны айдап апарып, Мәскеу базарында сататын болған. Олар қанша жылқы апарса да, бірі қалмай өтіп кететін.

Себебі ноғай жылқыларының сипаты да қызық. Орыстар көбіне мерекелерде сәндікке қаз мойынды аттар мінсе, ноғайлардың жылқылары қайратты, ұзақ жорыққа төзімді еді. Осындай қасиетке ие жылқыларды Мәскеу княздары өте жоғары бағамен сатып алып отырды. Осы қазанаттармен жарақтанған орыс әскерлері көп кешікпей Қазанды, Астраханьды жаулап алды. Ноғайлар ақырына дейін мұның сырын түсінбеді. Білгеннің өзінде мәжбүр болды. Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін француз ғалымы Ш. Лемерсье-Келькежеге құлақ түрейік:

«Москваның мешеу жаяу әскерін қазіргі заманғы кавалерияға айналдырған құдірет – ноғай жылқысы. Онсыз орыстар мұсылмандар иелігін басып ала алмаған болар еді».

Ең қызығы әкелінген соғыс аттарын күтіп-баптаушы атбегілер Мәскеуде болмады. Осы үшін орыс патшалары ноғай атбегілеріне арнайы шақыртулар жіберіп, Мәскеуге алдыртты. Оларға ең жоғары жалақы тағайындалды. Орыс кавалериясына ер-тоқымның өзі ноғайлыдан әкелінді. Ноғай ерінің артықшылығы үстіндегі жауынгердің садақ тартуына, қылыштасуына, оңды-солды жауымен найзаласуына оңтайлы жасалғандығында. Сонау Еділден тасымалдау тиімсіз болғандықтан ноғай шеберлерінің бар жағдайын жасай отырып, Ресейге алдырды. Бұл процесс одан әрі жалғасты.

Орыс атты әскері соғыс кезінде қыпшақтардың садақ тартысын, ноғайлардың найза сілтеуін меңгерді. Орыстарға қызметке кірген ноғайлар орыс мұжықтарына қой бағуды, оның терісінен жылы әрі ыңғайлы тон тігуді үйретті. Тіпті Ресейдің Польшаға қарсы соғысында орыс армиясын ноғайлар жылы тонмен қамтамасыз етті. Шын мәнісінде ноғайлар өздерінің оңбай ұтылғанын кеш ұқты. Өздері баптаған жылқы ертең өз төбелерінде ойнайтынын кім білген.

Жайықтан Донға дейін, Оралдан Каспийге дейінгі аймақты алып жатқан дүркіреген Ноғай ордасынан бұл күндері санаулы ғана халық қалды. Қаншама ноғай Еділден көшіп, Түркия асып кетті. Бүгінгі ноғайлардың көп бөлігі Ресейдің Кавказ өңірінде жергілікті халыққа сіңіп, жойылып бара жатыр. Шоқанның өзі «екі туысқан Орда» деп атап, бір бірімізді тілмашсыз түсінетін бір ағайынымыздың бүгінгі жағдайы осындай. Орыстандыру саясатының құрдымына жұтылып бара жатқан ноғай бауырларымызды алдағы жүзжылдықта тек сарғайған кітап беттерінен кездестірмесек жарар еді…

Рысбек Рамазанұлы, тарихшы,
«Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі» мүшесі
qamshy.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *