Осы жұрт Халиолланы біле ме екен?

Абайдың «Атадан – алтау, Анадан – төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ» деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, тарихи жазбаларда атадан жетеу екеніне аса мән берілмей келеді. Құнанбай төрт әйел алған. Үлкен әйелі – қыздай алған Күңкеден Құдайберді туады. Екінші әйелі – Ұлжаннан туған балалары: Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Төртінші әйелі – Нұрғанымнан ұрпақ жоқ.
Құнанбай екі баласына үлкен үміт артқан. Халиолланы жастайы-нан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады. Балаларын өз атына жаздырғанмен, Халиолла мен немересі Әбдірахманды әкесі Өскенбайдың атына жаздырды. «Халиолла Өскенбаев» деп жаздырғаны туралы куәлік қағаз (свидетельство) мұрағаттарда сақталған. Халиолланы ағайын- туысы – Халел деп атаса, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде «Халиулла Ускенбаев» деп кездеседі. Бұл жөнінде Әрхам Ысқақовтың көлемді естелігінде: «Сөйтіп, Құнанбай Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады… Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса, Құнанбай оның атын тағы да пайғамбар атымен Халиолла қояды» деп жазады.
Жасында Халиолла Құнанбайдың барлық балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Кейіннен Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде үш жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашады. Бұл туралы Әрхам Ысқақұлы өзінің естелігінде Абай Халиолланың оқуына қаражат жинағаны туралы айтады. Омбыға оқуға апарып орналастырмақ ниеті болған Абайдың ел ішіндегі шаруаларға байланысты бұл мәселені орыс тілін білетін Ғабитхан молдаға тапсырады. Әрхам: «Халиолла сабырлы, көп сөйлемейтін, тұйық болады. Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы ақылды, дана адам болар деп үміт артады» дейді.
Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын танытуда елеулі еңбек еткен, Абайдың алғашқы өлеңдерін жинақтаушы Кәкітай Ысқақұлы да Халиолланың Омбыдағы оқуы жайлы деректер келтіріп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетский корпусқа жіберіп, онан соң Москвадағы Павловский кавелерийский школдан оқытты. Халиолла сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» дейді.
Халиолла 1848 жылы дүниеге келіп, небары 22 жасында 1870 жылы өмірден озған. Қайтыс болғанда Құнанбай Омбыға кісі жіберіп, оның сүйегін елге алғызып, Сары қатын қыстауына жерлейді.
Халиолла Өскенбаев – тек ұлы данышпан Абайдың өнегелі інісі ғана емес, өз заманынан оза туған, білім көгіне ұмтылып, айналасына зиялылықтың шуағын шашқан ерекше тұлға болды. Абайға жәрдемші болып, Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов сынды қазақтың тұңғыш зиялыларымен Омбыдағы кадет корпусында оқыды, кейіннен Москваның Павлов атындағы әскери училищесіне түсті. Жиыны сегіз жыл оқып, кадет шенін иеленді. Оқу бітірген соң, бір жыл елде болып, бір жыл Омбыда әскери қызмет атқарды. Семей өңірінде алғашқы адамдардың қатарында әскери шенге ие болған ол жат жерде тек білім алумен ғана шектелмей, қазақ халқының фольклор үлгілерін жинайды. Оларды И.Березин, Н.Костылецкий, Н.Максимов сынды орыстың шығыстанушы ғалымдарына жолдап, өзі де қазақ халқы ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын орыс тіліне аударады. Жазғандары «Дала уәлаяты», «Сибирский вестник», «Московская иллюстративная газета», «Природа и люди» басылымдарында жарық көріп отырады.
Халиолла Өскенбаевтың ғұмыры мен шығармашылығы жайлы ғалымдар мен жазушылар өз пікірлерін қалдырған. Әлкей Марғұлан – Халиолланың өмірі мен рухани мұрасын зерттеуге ден қойған алғашқы ғалым. Халиолла жайында әр уақыттарда Г.Потанин, Н.Максимов, И.Березин, Н.Костылецкий атты орыс ғалымдары мен М.Әуезов, С.Мұқанов, Ұ.Сұбханбердина, А.Сағди, М.Бейсенбаев, Т.Жұртбай, Т.Әлімқұлов сынды қазақ жазушылары мен ғалым-зерттеушілер, Кәкітай, Әрхам Ысқақовтар, Ахат Құдайбердиев, Тұрағұл атты Ырғызбай ұрпақтары да жазды.
Халиолла туралы академик Ә.Марғұлан: «Ол өзінің қандастарын қазақтан да басқа әлем, білім мен ғылымның, рухани есеюге талпыныстың әлемі бар екендігіне үйреткен адам… Халиолла данышпан ақын Абайға үлкен ықпал еткен» деп баға береді. Ғалымның «Абай» журналының 1993 жылғы №6 санында «Үш хаттың сыры» деген мақаласы жарияланған. Онда 1938 жылы Ленинградта болғанда, профессор, шығыстанушы И.Н. Березиннің архивінен Халиолланың атына жазылған үш хаттың көшірмесін жасағаны айтылған. Оны заман ағымына сай уақытында айта алмай, тек 1959 жылы ғана жариялаған. Осы келтірілген жазбаларды зерделей қарасақ, Халиоллаға жазылған хаттар, оның бізге белгісіз қолжазбалары Костылецкий арқылы Березинге жеткенін аңғару қиынға соқпайды. Осы мақалада Әлкей Марғұлан: «Тек жастай өтіп кеткені болмаса, Халиолла ағасы Абай сияқты асқан ойшыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді» деп сүйсіне жазады.
Жасы отызға жетпей дүниеден озған Халиолла жайында 1896 жылы орыс зерттеушісі Н.Потанин «Ең соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде» (Шығыс сұлтанның үйінде) деген еңбегінде («Русское богатство» журналы. 1896, №8) Халиолланың асқан білімдарлығымен қоса, сол білгенін өз еліне үйретіп, басқа жұрттың әдебиетін қазақ жұртына насихаттап, таныстырудағы еңбегін ерекше баяндайды. Дәл осы жылы Х.Өскенбаев туралы «Дала уалаятының газетінде» «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» деген мақала жарияланып, онда оның өміріне аз тоқтала келіп: «Сол құрметті адам естуі бойынша кеш болғанда орыс қиссаларын қазақ тіліне переводтап қазақтарға айтады екен де, естушілердің сұрауы бойынша жазып береді екен. Солайша, Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың һәм өзгелердің шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін перевод қылып шығарған. Өскенбаев рас, өзі жақсы көрген, үйренген білімін жерге көмбеген, һәм оны жалғыз өзіне сақтамай көппенен бөліскен, өз жұртына үйреткен, бұл – үлгі қылып айтуға тұратын ісінің бірі» дей келіп, мақала аяғында «жақсы болар еді егер де оның перевод қылған қиссалары редакцияда болса» деген тілек өтініш айтылған. Өкініштісі, Халиолланың аударма мұрасы сақталмаған.
Ә.Марғұлан «Московская иллюс­тративная газета» басылымының 1892 жылғы №274 санында жарияланған Халиолланың «Қазақ аңызы» деген мақаласын алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Бұл – Х.Өскенбаевтың баспасөз бетіне шыққан бізге белгілі жалғыз еңбегі. Қысқа мақалада Темучинді Шыңғыс тауындағы Хан биігіне Майқы би бастатқан билер ақ кигізге отырғызып, хан көтергендігі туралы тарихи шындық баяндалған. Абайдың алдындағы ақындар легі аяқ баса қоймаған орыс, одан батыс әдебиетіне бой ұруы да жастайы-нан Семейдегі орыс мектебіне келген Халиолла арқылы, кейіннен Михаэлис бастаған орыс зиялылары арқылы басталды. Бұл жайт Абайды өзіне дейінгі әдебиеттен жаңа дүние іздеуге жетеледі.
Замандастарының, әсіресе, Г.Потаниннің сипаттауында Халел әскери іспен қатар көркем әдебиетті де жақсы меңгереді. Халилолла жөнінде Г.Потанин: «Мне рассказывали об одном киргизском султане /уже умершем Уськенбаеве/, который окончил курс в Омском кадетском корпусе и потом жил на родине в степи около Семипалатинска, что он любил вечерами рассказывать своим землякам содержание русских повестей и романов, и киргизы с таким интересом его слушали, что просили его записать свои рассказы; таким образом, получались тетради, написанные по киргизский и содержавшие в себе вольный перевод произведений Тургенева, Лермонтова, Толстого и других. Иногда во время этих литературных вечеров в юрте киргизы пускались в рассуждения, и тогда как рассказывал очевидец, можно было слышать, как Уськенбаев пользовался русскими авторитетами: «Послушайте, а вот что об этом говорит известный русский критик Белинский», или «вот какого мнения об этом был русский критик Добролюбов» дейді. Халиолла орыс әдебиеті туралы ауылының жастарына жүйелі дәріс оқып отырған. Крыловты, Пушкин мен Лермонтов жырларын Абай ең алғаш осы Халиолланың аузынан естіп, кейіннен іздеп, құмарта оқиды. Әрхамның естелігі бойынша Халиолла дүниеден өткенде оның сүйегімен қоса Омбыдан екі сандық қоса келіпті. Артында қалған дүниесін іні-бауырлары бөліскен кезде, Абай бірден кітаптар мен қолжазбаларға толы сандықты қалап алыпты. Бойындағы таланты ашылып үлгермей кеткен Халиолла бір сандық кітаппен бірге Абайдың санасына орыс әдебиетінің сәулесін құйып, рухани дүниесін байытып, тынысын кеңейтті.
Халиолла оқуын тәмамдап елге келгенде Құнанбаймен бұрыннан құда Тінібайдың Айғаным деген қызына ғашық болады. Құнанбай да, Абай да бұған қарсы болады. Қыз ағалары Жұмаділ мен Темірғали да тірі тұрып Айғанымды Мәкіштің інісіне бермейді. Айғанымды Алматыға алып қашпақ болған ісінен түк шықпай, ақыры орыс сотына жүгінеді. Бұл кезде Айғаным Халелді танымаймын дейді. Сөйтсе, басын айналдырып оқытылған екен. Көп ұзамай Айғаным құсадан өліп, жігіт ел-жұртқа өкпелеп, Омбыға кетеді. Осы трагедиялық оқиғаны М.Әуезов көркем шығармасына арқау еткен. Ғалым Т.Жұртбай: «Екеуінің арасындағы трагедиялық қайғылы хал көркем шығармадағы Дәрмен мен Мәкеннің үйлену хикаясына телінген. Ұмытпасаңыз, дәл осындай жорамал «Қаракөз» пьесасына қатысты да айтылған» деп, көркемдік шындық пен тарихи шындықтың тізгінін қатар ұстай отырып, жазушы қиялының астарына үңіледі. Әрхам естелігінде Халиолланың ақындығынан хабардар ететін төмендегі үзіндіге назар аударайық: «Халиолла ақын екен, қызды жоқтап, (Айғанымға қосыла алмағаннан кейін) әділетсіздік қылып, ақшаға, қара күшке сатылған патшалық заңның бұғауына, параның үстемдігіне налып, көп өлеңдер жазады және өз басын да өлген адамға есептеп, жоқтау жазады. Содан есте қалған бір ауызы:
Арғы атаң сенің Ырғызбай,
Асауды жегіп үйреткен.
Қалмақтың жығып балуанын
Қабырғасын күйреткен, –
деп басталады». Ә.Жиреншиннің: «Өлер алдында Халиолла ата-бабасының тарихы мен өз өмірін қосып, көп өлең жазып тастап кетіпті. Кейін ол өлген соң, жоқтаған әйелдер сол өлеңі мен тамаша сөздерін дауысқа қосып айтқан көрінеді» деген пікірі жоғарыдағы естелік сөзін бекіте түседі.
Тамаша ақын, аудармашы Халиолла Өскенбаев – өнері ашылмай қыршынынан қиылған талантты жастың бірі. Халиолла еңбегіне байланысты: «Кадет корпусының соңғы екі класында оқып жүріп, Халиолла Н.Костылецкийге қазақ тілінен көп сөздер жазып береді, оларды әрі қазақ тілінде аударып жазады. Оның ішінде «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Есім ханның ескі жолы», «Қазақ билерінің ерте кездегі шешімдері» тағы басқалары бар. XIX ғасырдың 90-жылдары Халиолланың жазулары Н.Ядринцевті, Н.Наумовты, Н.Максимовты қатты толғандырды. Олардың ортасынан Н.Наумов пен Н.Максимов «Дала уалаяты» газетіне хат жазып, Халиолланың жазуларын Омбыға жіберсе деп сұрады. «Еңлік-Кебектің» ғажайып әңгімесін Н.Наумов «Сибирь» газетіне және Ақмола облысының газетіне шығарды (1892). Халиолланың көп жазулары Н.Максимовтың архивінде сақтаулы» деген ғалым Ә.Марғұланның құнды деректері әлі көп зерттеу жұмысын жүргізу керек екенін хабардар етеді.
Омбыда оқуда жүрген Халиолла Өскенбаевқа жазылған үш хаттың бірі – Абайдың хаты. Академик Әлкей Марғұлан 1938 жылы Санкт-Петербург қаласындағы И.Березиннің архивінен көшіріп алып, сол замандағы саясатқа байланысты жиырма жылдай уақыт жасырып, жариялай алмады. Ақыры 1959 жылы 12 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды.

Абайдың інісі Халиуллаға жазған хаты

Сізге, ардақты және құрметті, жақсы көретін аяулы ініміз Халиулла мырзаға, бізден, ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем, және барлық ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптеген-көп дұғай сәлемдер жолдадық.
Құдайға шүкір, осы күнде өзің көрген жандар тегіс сәлематпыз.
Сізбен, бізге хат жазған Қамаридден моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз.
Әрбір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары алла тағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыттар болды.
Аягөзге келген уақытта почта жүрерге асығуда екен, әртүрлі хаттарды да көрген соң, көңіліміз жай тапты.
Және сізге жол қаржыға отыз теңге жібердім.
Жаңа Семейге мағлұм еткен уақытыңызда құдай тағала қаласа ат тағайындармыз.
Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгенің тура сында бек қуанып жатыр.
Әрқашан құдай тағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді.
Хатыңыз тиісімен ешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп, осы хатты жаздық. Һардайым, таупықты, абыройлы, ғұмырыңызды тілеп хат жазушы, ағаңыз Ибраһим Құнанбайұлы деп білесіз.
Тағы да көп-көп сәлем.

1866 жылында, 8 март.

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *