Жұмыссыздық һәм ауыл жастары

Қазіргі таңда ауылда жұмыссыздық мәселесі бас ауруына айналғаны жасырын емес. Елбасы Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтып, «Ауыл – ел бесігі» жобасының басталғанын жариялауы тегін емес. Өйткені, Мемлекет басшысы ауылда жұмыссыздар саны жетіп-артылатындығын жақсы біледі.

Бүгінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне түйіндемелерін құшақтап, мамандықтарына сай жұмыс қарап жүргендердің дені ауыл жастары және көпшілігі орталықтан шалғай жатқан ауылдың тұрғындары көрінеді. Бұл – бүгін ғана туындап отырған мәселе емес. Сағызша созылып, түйіні шешілмей келе жатқан мәселе. Расымен де, ауылдың жастарына жұмыс табу қиынның қиыны. Ауылда жұмыссыздық есебіне тіркеліп, жұмыс таба алмай жүрген қаншама жас бар. Олар көп жылдан бері жұмыссыздықтың азабын тартып келеді. «Неге?» деген сұрақ туындауы мүмкін?

Біріншіден, ауылда екі қолға бір күректің жоқтығы. Кімнің маңдайы шылқып жүр дейсің. Қолындағы азғантай малға қарап отырғандар бар. Тіпті, бағарға малы жоқтар да баршылық. Жұмыс болған күннің өзінде маусымдық қана. Көбісі жаз айларында егін салу, мал бағу, шөп шабу, отын дайындау сынды жұмыстарға араласады. Қытымыр қыс келгенде жұмыс таппай, қысылып шығатындығы анық.

Екіншіден, қалаға жұмысқа кетейін десе, басында баспанасы жоқ. Сонымен қатар, кейбір жастардың ата-анасы қарт адамдар болған соң қараусыз тастап кете алмайды. Үшіншіден, «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» (Абай). Кей жастарды жұмыссыздық тентіретіп жіберді. Ата-анасының зейнетақысына жармасып, күнелтушілер де жоқ емес. Қолы бос жастардың бірқатары ішкілікке салынса, енді біреулерінің шаңырақтары шайқалып, жоқтықтың шырмауына шырмалғанын көзіміз көріп жүр. Тұрмыс сананы билейді. Көптеген жастардың шаңырақ көтермей, соқа басы сопайып жүргендігі де материалдық жағдайға барып тіреледі. Таяқ – екі ұшты. Мұның екінші жағы да бар. Үлкені мен кішісі бар қайтсек жақсы тірлік кешеміз деп жанталасқан мынау заманда, бәлкім, бұл сөзіме кейбіреулер келіспес. Дей тұрғанымен, нарықтық экономиканың мәнін түсінбей әлі де масылдық санадан арыла алмай жатқан замандастарымыз да жетерлік.

Экономикалық дағдарыс белең алғанда жастар, көбінесе, халықтың осал тобына қосылады. Шыны керек, экономикалық өсім құлдыраған кезде жастар дағдарыстың әсерін алғашқылардың бірі болып сезеді. Сонымен бірге, экономикалық қиын кезеңдерде жалпы жұртшылыққа қарағанда, әсіресе, жастардың жұмысқа орналасуы оңайға соқпайды. Тағы бір айта кетер жайт, жоғары оқу орнын бітірген жастардың бірден жұмысқа орналасып кетуі де қиын болып тұр. Қолында дипломы болғанымен, тәжірибенің жоқтығы оларға үлкен кедергі келтіруде.

Елбасы осы жолғы Жолдауында да еліміздегі жастарға барынша мүмкіндік жасау керектігін тілге тиек етті. Келер жылды «жастар жылы» деп бекітті. Осы орайда, жастар үшін «Дипломмен ауылға» сынды әлеуметтік бағдарламаларды да мемлекетіміз жүзеге асырып келеді. Десек те, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы берілетін қаржыға кейбір ауылдарда үй тұрғызуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан, жас мамандардың ауылдарға дипломмен баруға құлшынысы төмен.

Батыс елдерін мысалға алып көрейік. Ол елдерде жұмыссыз болу – тек қана жұмысты жоғалту ғана емес, сонымен бірге адамның өзінің ар-намысын, абырой — беделін жоғалтуы деп те есептеледі екен. Сондықтан, Батыста еңбек арқылы тәрбиелеу алдыңғы орынға қойылған. Жалпы, ғылыми — техникалық революция жағдайында жұмыспен қамтуды тұрақты түрде өсіру, негізінен, өндірістік емес салалардың дамуы арқылы жүзеге асыру көптеген мемлекеттің тәжірибесінде бар. Мәселен, тұрғындардың әртүрлі қызмет түрлеріне деген шығынның тез өсуімен және халық шаруашылығының орташа көрсеткішіне қарағандағы жоғары еңбек ауқымдылығымен сипатталады. Мысалы, сексенінші жылдары жұмыспен қамтуды көбейтуде өндірістік емес саланың үлесі АҚШ пен Жапонияда 80 — 90 % , ал, Батыс Еуропада 100%-ды құрады. Бұл дегеніңіз жұмыссыздықтың зардабын бәсеңдететін факторлардың бірі ғылыми-техникалық прогресс екендігінің дәлелі. Ғылыми-техникалық прогресс, жаңа қосымша жұмыс күшін қажет ететін жаңа өндіріс түрлері мен шаруашылық салаларын тудырады. Атап айтқанда, ол материалдық өндіріс саласында еңбек етуге қабілеті бар тұрғындарды жұмыспен қамтуды көбейтеді. Біздің ауылдарға осындай жүйені қолданатын кез келді.

Осы тұрғыдан қарағанда ауыл шаруашылығын цифрландыру бағдарламасы аясында іске асырылатын іс-шаралардың негізгі бағыттарында жұмыссыздықты жоюға арналған тетіктерді іске қосу керек сияқты. Қазіргі кезде жұмыссыз жүру оңай тимесі белгілі. Жұмыс жоқ болса, табыстың келуі де неғайбыл. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті бар ынта-жігеріңді жұмсайтын екі қолыңа бір күректің болғанына не жетсін?!

Ауыл жастары жұмыссыз азбасын десек, ертерек қамданғанымыз жөн.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *